Қазіргі таңда 2 615 студент білім алып жатқан оқу ордасына жыл сайын 800 грант бөлінеді. Бүгінде білімгерлердің 2 360-ы грантта оқыса, 255 студент ақылы негізде білім алады.
Жуырда ғана университетке жаңадан басшы ретінде Әлібек Шоқпаров тағайындалды. Оңтүстік Калифорния университетінде білім алған білікті маманға жауапты міндет жүктеліп отыр. Ректорды ұжыммен таныстыру жиынына ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысты.
«2024 жылы — Түркі мемлекеттерінің туристік астанасы» деп танылған Түркістан қаласы үшін аталған оқу ордасынан тәлім алған жастардың маңыздылығы жоғары. Құрылғанына 5 жыл толған университетте еліміздегі жетекші оқу орындары мен шетелдің үздік профессор-оқытушылары дәріс береді. Мәселен, Wismar University (Германия), University of British Columbia (Канада), Tenago National University (Малайзия), Xinjiang University (Қытай), Istanbul University, Ankara University, Gazi University (Турция) және Томск политехникалық университеті (Ресей Федерациясы) сияқты бірқатар шетелдік университеттердің түлектері жұмыс істейді.
Оқу орнында 11 мамандық бойынша оқытылады. Атап айтқанда, «Туризм және қонақжайлылық индустриясын ұйымдастыру», «Халықаралық және ішкі туризм», «Экскурсиялық қызметтер мен жеке турларды ұйымдастыру», «Қонақ үй және мейрамхана бизнесі», «Туристік дестинациялар менеджменті», «Дене шынықтыру және спорт», «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық», «Спорттық-сауықтыру фитнесі», «Ұйымдастырылған туризмді басқару және экскурсиялық-анимациялық қызмет», «Ивент-менеджмент», «Спорттық туризм» факультеттері бар.